25 қыр, 2021 сағат 13:11

Тоқаев Алматыдағы атыста қаза тапқан полицейлер мен сот орындаушысын марапаттады


Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы атыстан қаза тапқан полицейлер мен сот орындаушысын марапаттады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап. 

"Қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін наградталсын:

ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен: Байғазиев Нұрбол Назарбайұлы (марқұм) - Ішкі істер министрлігінің Алматы қаласы полиция департаментінің Алатау ауданы полиция басқармасының жанындағы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы.

Сүлеев Дархан Дауылбайұлы (марқұм) - Ішкі істер министрлігінің Алматы қаласы полиция департаментінің Алатау ауданы полиция басқармасының жанындағы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы;

"Ерлігі үшін" медалімен: Әбенов Мұрат Бақбергенұлы (марқұм) - Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының мүшесі, Алматы қаласы", - делінген қаулыда.

Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, жантүршігерлік оқиға 20 қыркүйекте кешке болған. Шамамен сағат 17.20 шамасында Ақбұлақ мөлтекауданындағы үй иесінің бірі аңшы мылтығынан оқ атқан. Куәгерлердің айтуынша, атыс бір минут ішінде болған.

Алматылық атқыш бес адамды өлтірді. Қаза болғандар арасында екі полиция қызметкері, сот орындаушысы, сондай-ақ үйдің жаңа иесі мен куәгер бар.

Кейін полицейлер бес адамды атып өлтірген күдіктіні ұстады. Ол - 1997 жылдан бері осы жерде тұратын 54 жастағы үйдің қазіргі иесі. Егер оның кінәсі дәлелденсе, ер адам 20 жылға немесе өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Кейін үйге қатысты дау несие төлемегендіктен туындағаны белгілі болды. Үй банкке кепілге алынған. Содан соң үй банк меншігіне өтіп, одан кейін жеке адамға сатылған. Жеке сот орындаушылар палатасы борышкерге үйді босату керегін 2020 жылдан бері бірнеше рет хабарланғаны айтылды.