20 қыр, 2022 сағат 05:42

Тоқаев америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесу өткізді


Мемлекет басшысы қаржы, энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік, ақпараттық технологиялар, білім беру салаларында жұмыс істейтін америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесуі әлемдегі ең ірі инвестициялық банктердің бірі Goldman Sachs-тің мұнай және шикізат саудасы жөніндегі жаһандық басқарушы директоры Эд Эмерсонмен әңгімелесуден басталды.

Кездесу барысында Қазақстанда жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Қазіргі уақытта бұл банк «Астана» халықаралық қаржы орталығымен табысты ынтымақтастық орнатқан. Сондай-ақ энергетика саласын дамытудың келешегі жөнінде де пікір алмасты.


Grupo Los Grobo компаниясының төрағасы Густаво Гробокопательмен және Халықаралық даму орталығының өсім зертханасының директоры, Гарвард университетінің профессоры Рикардо Хаусманмен кездесуде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.


JPMorgan Chase & Co. компаниясының төрағасы – бас атқарушы директоры Джейми Даймонмен өткен кездесуде қаржы институттарының өзара іс-әрекеті қарастырылды. Сондай-ақ әлемдік экономиканың, оның ішінде қаржы нарықтарының даму перспективалары туралы пікір алмасты.


Президент әлемдегі ең ірі қаржы-талдау компанияларының бірі S&P global компаниясының вице-президенті Дэниэл Ергинмен энергетикалық қауіпсіздік саласының өзекті мәселелері мен еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру шаралары жөнінде пікір алмасты.


Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ЕРАМ systems компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы Аркадий Добкинмен кездесті. Кездесу барысында Қазақстанда толыққанды технологиялық хаб құру және IT саласында адами капиталды дамыту мәселелері әңгіме арқауына айналды. ЕРАМ systems – бағдарламалық қамтамасыз ету және күрделі цифрлық платформаларды әзірлеу қызметін көрсететін әлемдік жетекші компания.


Coursera компаниясының бас директоры Джефф Маджионкалдамен болған кездесуде мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, университеттерді академиялық қолдау және азаматтарды оқыту мен қайта оқыту сынды білім беру саласының мәселелері қарастырылды. Coursera - білім беру және заманауи өмірлік дағдыларды оқыту саласындағы көшбасшы компаниялардың бірі.


Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Microsoft компаниясының Орталық Азия және Шығыс Еуропа бойынша бас менеджері Мишель Симмонспен жолықты. Әңгімелесу барысында компанияның Қазақстандағы қызметін кеңейту перспективалары, оның ішінде IT зертханасын ашу және IT мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау жоспары талқыланды.