25 қаң, 2022 сағат 17:31

Тоқаев: Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда жаңа рекордтық деңгейге жетті


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» атты мемлекет басшыларының саммитіне қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай бейнебайланыс режимінде «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысты.

Іс-шараға Қазақстан Президентінен бөлек, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.

Қазақстан Президенті сөйлеген сөзінде Қытай басшысының осындай маңызды әрі дер кезінде қолға алынған іс-шараны өткізу туралы бастамасына ризашылығын білдірді.

– Біз бірнеше ғасырдан бері тарихи қарым-қатынас орнатып келеміз. Тату көрші болғанымызды және өзара тиімді ынтымақтастықтың осындай табысты тәжірибесін шын жүректен бағалаймыз. Құрметті Төраға Си Цзиньпин, Сіздің беделді және тиімді басқаруыңызбен Қытай Халық Республикасы өзінің дамуында таңғаларлық жетістіктерге жетті. Қытай қазір өрлеудің барлық негізгі көрсеткіштері бойынша әлемдік көшбасшылар тобына кіруге лайық, – деді Мемлекет басшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының зор қарқындылығымен, жоғары сенімге және шынайы тату көршілікке негізделуімен ерекшеленетінін атап өтті.

– Бүгінде екіжақты сауда жаңа рекордтық деңгейге жетіп отыр. Өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 17 миллиард долларға дейін жеткен. Қытайдың Орталық Азия елдеріне құйған 40 миллиард доллар инвестициясының жартысы Қазақстанға тиесілі. Сондықтан біздің еліміздің Қытайға аймақтағы ең ірі сауда-инвестициялық серіктес атануы заңды, – деді Президент.

Президент шетелдік инвесторларды, оның ішінде қытайлық серіктестерін одан әрі жан-жақты қолдауға мүдделі екенін жеткізді.

– Қазіргі кезде Қазақстан Үкіметі инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған жаңа инвестициялық саясат әзірлеуде. Мұндай саясат – Қазақстанның жаңа экономикалық бағдарының ажырамас бөлігі, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласындағы өзара ықпалдастықтың және инфрақұрылымдық, оның ішінде «Бір белдеу – бір жол» мегажобасы аясындағы жобаларды іске асырудың стратегиялық сипатын атап өтті. Президенттің айтуынша, өткен 30 жылдың ішінде Орталық Азия мемлекеттері тату көршілікке және бір-біріне тұрақты қолдау көрсетуге негізделген шынайы ынтымақтастық орната алды.


Мемлекет басшысы Қытайдың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі ретінде еуразиялық кеңістікте бейбітшілікті, қауіпсіздік пен ілгерілеу ісін нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтты. Бұл, әсіресе, терроризм, экстремизм және трансұлттық қылмысқа қарсы күреске байланысты. Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қаңтар айының басында елімізге лаңкестердің асқан қаныпезерлікпен шабуыл жасаны туралы айтты.

– Мемлекет, ұлт ретінде бұл қайғылы оқиғадан сабақ алдық және тез арада қалпымызға келетініміз сөзсіз. Қазіргі кезде мемлекеттік басқару ісін, ұлттық қауіпсіздік жүйесін және экономикалық саясатты қайта форматтау және реформалау бағытында барынша жұмыс жүргізілуде. Осылайша жаңа Қазақстан құру ісіне кірісіп кеттік, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Орталық Азияның зор әлеуетін ашуға бағытталған жаңа шешімдер мен тетіктерді іздеу мәселесіне ерекше мән берді. Президенттің айтуынша, соңғы жылдары өңіраралық ынтымақтастық жаңа әрі сапалы деңгейге көтерілді және мемлекеттердің қарқынды және сенімді диалогы, оның ішінде тұрақты консультативті кездесулер форматындағы шаралар негізгі рөл атқарады.