26 шіл, 2021 сағат 15:35

Токио-2020: Бибосынов алғашқы қарсыласынан басым түсті


Жапония астанасы Токио қаласында өтіп жатқан Жазғы Олимпиадада бүгін қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов алғашқы жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ол 52 келі салмақта Пуэрто-Рико елінен келген Янкьель Ривера Фигероамен қолғап түйістірді. 

Бибосынов қарсыласын 4:1 есебімен жеңіп кетті. 

Енді ол франциялық Биллал Беннаммен шаршы алаңға шығады. 

Сәкен Бибосынов 1997 жылдың 3 шілдесінде Түркістан облысында дүниеге келген. 2019 жылы Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.

Айта кетейік, 57 келіде жұдырықтасқан Серік Теміржанов бірінші жекпе-жекте венгриялық Роланд Галоштың осал тұсын тапты.

Ал, 63 келіде Закир Сафиуллин перулік Леодан Песо Сабойяны жеңіп, жарыстың келесі сатысына жолдама алды.