11 мау, 2024 сағат 20:25

ТОП-10: Қазақстанның көрікті жерлері

Фото:goldenaltay.kz
Қазақстанның кең байтақ өлкесі өзінің алуан түрлі көрікті жерлерімен мақтана алатынын білеміз. Алатау, Алтай мен Тарбағатайдың асуларынан бастап, Үстірттің кең-байтақ даласы өзіне ғашық қылмай қоймайды. Өз еліміздің жауһарларын көзбен көріп, жүрекпен сезініп, көкіректегі "менің елім!" деп кернейтін сезімді шын сезіну үшін саяхат керек. Осы ретте біз еліміздің көрікті жерлерінің бірқатарын ұсынамыз.  


Фото:qazaqstan3d.kz

Бурабай

Ақмола облысының солтүстігінде орналасқан қараса көз тойдырар әсем мекен - Бурабай Ұлттық паркі. Көрікті мекен әсем таулары, қарағайлы орманы мен кең, жазық даласымен ғана емес, Бурабай, Шортанды, Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты, Қотыркөл көлдерімен де ерекшеленетін өңір. Бурабайдың сәніне сән қосып тұрған "Оқжетпес", "Жеке батыр" сияқты шыңдары да бар. 
Сонымен қатар, Бурабай туралы сан түрлі аңыз-әпсаналары келуші туристерді қызықтырып, өзіне тартып тұрады. Сондай аңыздың бірі атақты "Оқжетпес" туралы деуге болады.
Қалмақ қызына Абылай ханның әскерлері "мен аламын" деп таласады. Сонда Абылай жауынгерлерін ренжітіп алмас үшін "Бұйырдым тұтқын қыздың қалауына" дейді. Тұтқын қыз жігіттердің өнерін сынау үшін үш шарт қояды. Біріншісі — Көкшенің ең биік шыңындағы найза ағашқа байланған шәйі орамалды атып түсіруі еді. Қыздан дәмелі хан батырларының барлығы да "шіреніп садақтарын шыңға кезегенімен" ешқайсысы сыннан өте алмайды. Шың содан кейін "Оқжетпес" деп аталыпты мыс.