19 мау, 2025 сағат 13:44

Тыныштық мәдениеті ‒ заман талабы

Фото: shutterstock.com
Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы

Көп ересек адамның жүйкесі шаршаған. Қазіргі таңда халықтың басым бөлігінде күнделікті тұрмыс, жұмыстағы қысым, қаржылық мәселелер мен толассыз жеке ойлар мазалайды. Сол себепті ешқандай адам артық шуды қаламайды. Ешкімге артық дыбыспен зиянымызды тигізбей тыныштықты сақтау мәдениеті осы ғасырдың негізгі әдебі болып тұр.

Үйде


Таңертеңгі уақытта көп адам енді оянып, өз-өзіне келіп, ағзасы жаңа күнге бейімделу үшін белгілі уақыт жайлы жағдайды қажет етеді. Бұл кезде үйде біреу оятқышқа оянбай оның қайта-қайта ойнауы, ерте тұрған отбасы мүшесінің үйде айқайлап сөйлеп жүруі, не басқа біреудің өзгенің үйіне қатты сөйлеп кіріп келуі отбасы мүшелеріне жайсыз әсер етеді. Таңертеңгі жайсыздық адамның тұтас сол күніне әсер ету қаупі бар.

Қоғамдық орындарда


Қоғамдық орындарда біреу маңызды шараға дайындалып тұруы мүмкін. Автобуста біреуі шаршап келе жатады. Ал енді бірі өз ойларымен оңаша қалғысы кеп, терезеден қала тірлігіне сүйсіну көңіл күйімен отырады. Сондай кезде адамдардың бір-бірімен дауыстап сөйлесуі, құлаққапсыз музыка тыңдап, сериал көруі немесе телефонмен, видеобайланыспен ұзақ сөйлесуі үлкен ыңғайсыздық тудырады.

Таксиде


Ал такси секілді қоғамдық көлік сол жердегі жүргізуші мен жолаушы үшін ортақ кеңістік. Таксиге отырғанда қатты көңіл көтергісі келіп отыратын жолаушы өте сирек. Сол себепті жолаушы көлікке отырғанда алдымен музыканың дауысын басып, ол жайғасқан соң ән қоюға рұқсат сұрау, әннің дауысын бірге келісе отырып реттеу ‒ қарапайым әдептілік.

Дәмханада


Сол секілді шағын дәмхана, кофейняларда сол жерде жүрген әкімші, не баристаға ұнайтын әндер емес, келушілердің барлығына бірдей ұнайтын, ешқайсының мазасын алмайтын фондық, ритмі жай әндер қосылуы ‒ келушілерге құрмет.

Ауруханада


Ауруханаларда тыныштық сақтау этикалық мәселе емес, сауықтырудың бір бөлігі. Науқастарға тынығу қажет. Ал дәрігерлерге үнемі назарын артық шусыз фокуста ұстау керек. Сондықтан дауысты бәсеңдету, телефонын үнсіз режимге қою жай ғана мәдениеттіліктің қарапайым көрінісі.


ПАЙЫМ


Заман мобильді болған сайын, қоғамда қажу бар. Әр адамның жүйкесіне салмақ түспейтіндей, әр оқушы, студент, әр маман өз қызметіне назарын шоғырландыра алатындай, немесе сыртқа білінбесе де өзін жайсыз сезініп келе жатқан жаныңыздағы науқастың мазасын алмайтындай бір-біріміздің жай-күйімізге құрметпен қарау адамгершіліктің, мәдениеттің белгісі. Ізгі қоғам тек әр жағдайға түсіністікпен қарайтын, жанашыр адамдардан құралатынын ұмытпайық.

Динара Болат