28 нау, 2024 сағат 14:27

Үкімет басшысы Солтүстік Қазақстандағы су қоймалардың жағдайын тексерді

Фото: премьер-министрдің баспасөз қызметінен

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының орындалу барысымен танысу үшін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат" премьер-министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.

Үкімет басшысы бағдарлама шеңберінде коммуналдық-энергетикалық сектор және жол инфрақұрылымы нысандарының, сондай-ақ бірқатар жеңіл және өңдеу өнеркәсібінің, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы машина жасау кәсіпорындарының жұмысымен танысатын болады. 
Жұмыс сапары барысында өңірдегі су қоймаларының жай-күйі мен су тасқынына қарсы іс-шараларды сапалы әрі уақтылы жүргізу жұмысына ерекше назар аударылды. Солтүстік Қазақстан облысы су тасқыны қаупі бар аймаққа кіреді. Облыстың негізгі су көзі – Есіл өзені үш су қоймасы: Астана, Сергеев және Петропавл су тораптарымен реттеледі. 
Үкімет басшысы Петропавл су торабына барып, су қоймасының ағымдағы жағдайын тексерді. Қазіргі уақытта ол қалыпты жағдайда және штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Су тасқыны кезеңінде су қоймасы алгоритмге сәйкес жұмыстың «транзиттік режиміне» ауыстырылады және тасқын сулардың өтуіне әсер етпейді.