Фото: Akorda
Президент отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды, деп хабарлайды Ult.kz.
"Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Үкімет ұсынған мөлшерлеме тым жоғары. Қоғам арасында бұл дүрбелең туғызды деп есептейді президент.
"Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс. Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын", - деп атап өтті ол.
Кабминге бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауды ұсынды.
"Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет", - деп тапсырды Президент.
Айта кетейік, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да бұл мөлшерлемемен келіспейтіндері туралы жазған болатынбыз.