01 шіл, 2022 сағат 11:10

Ұлттық банк маусымда валюталық интервенциялар жүргізген жоқ


Ұлттық банк өкілдері маусымның қорытындысы бойынша елдің валюта нарығындағы жағдай туралы айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Маусым айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 доллар үшін 470,24 теңгеге дейін немесе 13,3%-ға әлсіреген. Сондай-ақ Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 115 млн АҚШ долларынан 96,4 млн АҚШ долларына дейін төмендеген. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 2,1 млрд АҚШ долларын құрады. 

"Энергия тасымалдаушылардың қолайлы бағасына қарамастан, ұлттық валюта бағамы шектеулі валюта ұсынысы мен валютаға деген сұраныстың бір уақытта өсуі аясында әлсіреді. Валюта ұсынысының төмендеуі – экспорттаушылардың салық төлеу үшін валюта сатуды қысқартуына, ал сұраныстың өсуі дивиденд төлеудің басталуына байланысты болды" - делінген хабарламада.

Валюта нарығына квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы қолдау көрсетті, олар шамамен 480,4 млн АҚШ долларын құраған.

"Маусымда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта 438,3 млн АҚШ долларына сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 20,7%-ын құрады.

Маусым бойы ішкі валюта нарығында Ұлттық Банк валюталық интервенцияларды, сондай-ақ БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері мен сенімгерлік басқарудағы басқа да қорлар үшін шетел валютасын сатып алу немесе сату бойынша операцияларды жүзеге асырған жоқ" - дейді ҰБ өкілдері.

Қысқамерзімді перспективада теңгенің құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы ахуалға байланысты болмақ.

Ұлттық Банк теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады.