28 жел, 2018 сағат 20:21

Ұлттық опера үшін залға студенттерді күштеп толтыратынбыз - Арыстанбек Мұхамедиұлы

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ұлттық операларға деген сұраныстың артып келе жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда біздің театрлар көрермендердің үлкен ықыласына, назарына ие екенін айта аламын. «Астана Операда» барлық спектакльдердің билеттері екі ай бұрын өтіп кетеді. Бұдан бұрын ұлттық опералардың репертуарын сақтау үшін шыны керек, залға студенттерді қуып тығатынбыз. Себебі, егер опера табысқа ие болмаса, оны репертуардан алып тастауы керектігі туралы талап бар», - деді министр Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында.

Министрдің айтуынша, бізде айналдырған үш-төрт ұлттық опера бар.

«Оларды репертуардан алып тастасақ жарамайды ғой. Сол үшін біз амалдың жоқтығынан студенттерді, ағайын-туыстарды апарып «Мінекей, көрермен келді» деп отырғызып қоятынбыз. Ал қазіргі таңда ең бірінші кезекте ұлттық опералардың билеттері өтіп жатыр. Абай операсы, Біржан Сара, Қыз-Жібек операсына келушілер жетерлік. Қызықты болғаннан кейін халық операға келеді. Ал егер де жоғары деңгейде болмаса, қазіргі уақытта көрерменді театрға күштеп апара алмайсың», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.