Фото: Hindustan Times
Үндістанның оңтүстігінде Air India әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Жергілікті Hindustan Times басылымының хабарлауынша, апаттан бір жолаушы аман қалған.
Ахмедабадтан Лондонға ұшқан әуе лайнері апат салдарынан 290-нан астам адам қайтыс болды деп хабарлайды Reuters. Ұшақ бортында 242 жолаушы болған, олардың арасында Ұлыбритания азаматы, 40 жастағы Рамеш Вишвакумар тірі қалды. Ол туған-туыстарын көру үшін Үндістанға келген және Ұлыбританияға бауырымен бірге оралмақ болған. Алайда, бауырының тағдыры белгісіз.
Рамеш 11А орнында отырғанын, ал бауыры жанында болғанын айтты. Қазір ол ауруханада ем алуда.
"Есімді жиғанда айналамдағы мәйіттер мен ұшақ қалдықтарын көрдім. Шошып, қашып шықтым. Мені ұстап алып, жедел жәрдемге отырғызды," – деп оқиғаны баяндады ол.
Air India мәліметіне сәйкес, ұшақ бортында Үндістанның 169, Ұлыбританияның 53, Португалияның 7 және Канаданың 1 азаматы болған. Жергілікті билік апат құрбандарының саны өсуі мүмкін екенін айтады, себебі ұшақ тұрғын ауданға, медколледж жатақханасының үстіне құлаған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан премьер-министрі Нарендра Модиге көңіл айтып, қаза болғандардың жақындарына қолдау білдірді.