13 ақп, 2024 сағат 09:56

Жаңақорғанда білім бөлімінің бастығы сыбайластарымен бірге 1 млрд теңге жымқырған


Фото: Kazinform


7 ақпанда Жаңақорған аудандық соты Жаңақорған ауданының білім бөлімі басшысы Б. Ибрагимовқа, бас бухгалтері К. Аязбаеваға және 24 мектептің бухгалтеріне үкім шығарды.


Олар жалпы сомасы 1 млрд теңгеден аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.


Сот үкімімен мекеменің басшысына және бас бухгалтеріне 8 жыл бас бостандығынан айыру, мектеп бухгалтерлерінің біріне — жас баланың асырауында болуына байланысты 5 жыл мерзімге жазасын кейінге қалдыра отырып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.


Сонымен қатар сотталғандар мемлекеттік қызметте және өзге де ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылады.


Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу барысында еңбекақы төлеу қорынан қаражат жымқырумен байланысты тұрақты қылмыстық схемаларды ашты:
1) қызметкерлерге жалақы оның лауазымынан қарағанда әлдеқайда көп аударылған;
2) жалақы білім мекемелерінде ресми түрде тіркелмеген адамдарға берілген;
3) қызметкердің карт-шоттарына жалақы есептеліп, ал төлем құжаттарында басқа тұлғаның деректері көрсетілген;
4) бір адамға ақша аударымдарын бірнеше рет қайталаған;
5) «өлі жандарға» — туыстары мен жақындарына ақша аударған.


Бухгалтерлер мектептің бухгалтерлік есеп жүйелері, ұлттық білім беру базасы және «Қазынашылық-клиент» жүйесі арасындағы интеграцияның жоқтығын пайдаланған.


Олар төлем құжаттарына қолмен түзету енгізіп, бюджет ақшасын жымқырған. Жыл сайынғы бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру кезінде жымқырылатын қаражат белгіленген.


Айта кету керек, жымқыру бойынша бұрын ашылған схемалар шеңберінде сотқа дейінгі тергеулерді бүгінде басқа құқық қорғау органдары жүргізуде.