Сурет: ашық дереккөз
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның Қаржы министрлігі салықтық және кедендік әкімшілендіруді жаңғыртуға, мемлекеттік бақылауды жақсартуға және мемлекеттік сатып алуды оңтайландыруға баса назар аударды. Негізгі жетістіктерге декларациялаудың жаңа жүйесін енгізу, трансферттік баға белгілеуге бақылауды күшейту және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру кіреді. Сонымен бірге заңсыз сатып алынған активтерді қайтару бойынша жұмыс жүргізілуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" PrimeMinister.kz сайтына сілтеме жасап.
Салық салу
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік бюджетке 8,9 трлн теңге түсті.
Сонымен қатар жеке тұлғалардың банкроттығы мен төлем қабілетін қалпына келтірудің заманауи институтын құру бойынша жұмыс жүргізілді. Жаңа Заң енгізілген сәттен бастап 43 млрд теңге берешегі бар 13 мыңнан астам азамат банкрот деп танылды.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке тұлғаларды жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды. Бизнес құрылымдары «кіру» декларациясын тапсырады. Қазіргі уақытта 1 млн-нан астам есеп қабылданды.
Экспорттық-импорттық операциялар саласындағы валюталық бақылау функциясының бір бөлігі Мемлекеттік кірістер комитетіне берілді. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша орындалмаған міндеттемелер мәселелері бойынша құқық қорғау органдарына $3,3 млрд сомасына 335 материал берілді.
2024 жылғы 25 наурызда Мемлекет басшысы сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды бақылауды күшейтуге бағытталған Трансферттік баға белгілеу туралы заңға енгізілген түзетулерге қол қойды. Бұл мемлекет кірістерін жоғалтуға жол бермеуге және экспортталатын тауарларға әділ нарықтық баға белгілеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар транзит әлеуеті күшейіп келеді. Үшінші елдермен өткізу пункттерінің өткізу қабілеті 36%-ға артты. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 600 мыңнан астам автокөлік құралдары өткізілді, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 160 мыңға артық.
Министрлік кедендік бизнес-процестерді цифрландыру мен оңтайландыру бойынша жұмысты жалғастыруда. 2024 жылдың сәуір айында экспресс-жүктерді электронды декларациялау жүйесі іске қосылды. Жыл соңына дейін «Кеден» АЖ жаңа кеден жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда. Жаңа Салық кодексіне қатысты жұмыс жүргізілуде, оның мақсаты – бизнес үшін қолайлы жағдай жасау және сервистік қызмет көрсету мен цифрландыруға бағдарлау.
Мемлекеттік сатып алу
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік басқаруды жақсартудағы маңызды қадам 2024 жылдың 1 шілдесінде күшіне енген «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңның қабылдануы болды.
Бұл заң сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің сапасын арттыруға, рәсімдерді жеңілдетуге және процестерді одан әрі автоматтандыруға бағытталған. Сатып алулардың қоғамдық мониторингі, олардың қорытындысына шағымдану тәртібін қайта қарау және өнім берушілердің жауапкершілігін күшейту үшін жаңа шаралар енгізілді.
Заң мерзімдерді қысқартуды және сатып алу рәсімдерін жеңілдетуді көздейді, шағымдарды ұйымдастырушының өзі қарайды, бұл процесті жеделдетуге мүмкіндік береді. Сатып алу қорытындылары сотқа шағымданған жағдайда рәсімдер тоқтатылмайды.
Жобалаудан бастап пайдалануға беру үшін жобаны басынан аяғына дейін бір мердігер іске асыратын құрылыс институтын енгізуге ерекше назар аударылады.
Бұдан басқа, оффтейк-келісімшарттарды пайдалана отырып, тауарларды кепілдендірілген сатып алу енгізілуде, ал қосалқы мердігерлікке берілетін жұмыс көлемі 50%-дан 30%-ға дейін қысқарды.
Ұлттық компаниялар мен «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларын біріктіретін Бірыңғай сатып алу платформасын құру маңызды жаңалық болды. Аталған платформа сатып алу туралы ақпарат пен процедураларға бірыңғай қол жеткізуді қамтамасыз етеді, процестерді едәуір жеңілдетіп, жеделдетеді.
2024 жылғы наурызда отандық өндірушілерді қолдау шаралары қабылданды, оның ішінде 30% мөлшерінде міндетті аванс төлеу, қамтамасыз етудің барлық түрлерінен босату және міндеттемелерді тиісінше орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбын шарт сомасынан 10%-дан 3%-ға дейін төмендету қарастырылған.
Мемлекеттік аудит
Бірінші жартыжылдықта 2 трлн теңге бюджет қаражатына 847 аудиторлық іс-шара өткізілді. Шамамен 218 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылық анықталды. 174 млрд теңгеге бұзушылық жойылды. Министрлік аудиттің цифрлық құралдарын кеңейте отырып, бюджет қаражатын, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор активтерін басқарудың тиімділігін арттыру бойынша жұмысты жалғастыруда.
Тексеру комиссияларының төрағалары мен мүшелерінің лауазымдарына кандидатты іріктеу тәртібі мен бағалау өлшемшарттарын бекіте отырып, тексеру комиссияларының қызметін жетілдіру жөнінде заңнамалық шаралар қабылданды.