Фото: ашық дереккөз
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемде жыл сайын 600 мыңнан астам әйел жатыр мойны обырына шалдығады және 340 мыңдайы бұл аурудың салдарынан қайтыс болады. Осы қатерлі дерттің алдын алу үшін Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы екпе егу бағдарламасы 2024 жылы қайта іске қосылды.
Мамандар елдегі 9 өңірде басталған жаңа науқан кезінде 2013 жылы өткен пилоттық жобадағы сәтсіздіктер ескеріліп, ақпараттандыру жұмыстары күшейтілгенін айтады. Алайда екпеге қатысты қоғамда ата-аналар тарапынан екіұшты көзқарас та жоқ емес. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі вакцинаның обырдың алдын алуда тиімді екенін айтады.
Шымкент қаласында тұратын Әсем (ред. — есімі өзгертілді) онкологиялық ауруға шалдыққанын білгенде қатты қорқып қалған. Оның төрт баласы және үш немересі бар. Қазір жатыр мойны обырымен ауырып жүргеніне бір жылдан асқан.
"Қынаптан мезгілден тыс қан шыға бергендіктен, жедел жәрдем шақырттым. Кезекші дәрігерлерге барып, ультрадыбыстық зерттеуден өттім, анализ тапсырдым. Он күн өткен соң анализдің нәтижесіне қарап, мені басқа дәрігерге жіберді. Сол дәрігердің қабылдауынан кейін маған жатыр мойнының түймешігі деген диагноз қойылды. Аптасына бір рет Ташкент қаласынан арнайы дәрі сатып алып, дәрігер мені бір ай бойы емдеді", – дейді ол.