08 сәу, 2022 сағат 22:21

Жүк ұшағы Коста-Рика әуежайына шұғыл қонған кезде екіге бөлініп кетті


DHL жүк ұшағы Коста-Рика астанасына апаттық қону кезінде ұшу-қону жолағынан тайып кетіп, екіге бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат Independent басылымына сілтеме жасап.

Апат «DHL» компаниясына тиесілі Boeing 757-200 жүк ұшағының қатысуымен болған. 

Әуе кемесінің екі ұшқышы эвакуацияланды. Екеуі де жарақат алған жоқ. 

Сонымен қатар, DHL «экипаждың бір мүшесі сақтық шарасы ретінде медициналық тексеруден өтеді» деп мәлімдеді. 

Коста-Рика билігінің хабарлауынша, Гватемалаға бет алған ұшақтың гидравикалық жүйесі істен шыққан. Сол себепті ұшқыш Сан-Хосе әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болған. 

Апатты қону кезінде ұшақ ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, артқы бөлігі жұлынып түскен, деп хабарлайды Reuters. 

Аталған оқиғадан кейін «Хуан Сантамария» халықаралық әуежайы бірнеше сағатқа жабылған. 

Әуе айлағы операторының айтуынша, апат АҚШ, Орталық Америка, Мексика, Канада және Еуропаға бағыт алған 57 коммерциялық және жүк рейстеріне, сондай-ақ 8500 жолаушыға әсерін тигізген. 

«DHL» компаниясы тиісті органдармен тергеуді бастауға уәде беріп, оқиғаға әрекет ету тобын іске қосқанын хабарлады.