Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен 2020 жылғы 22 шілдеде Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының отырысы онлайн жүйеде өтті.
Бұл ғылыми жиын «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейінгі кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары» аясында ұйымдастырылды.
Отырысқа ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Ж.Д.Құрманғалиева қатысып, жаңа әліпбиді енгізу мәселелері бойынша сөз сөйледі.
Отырыс ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының міндетін атқарушы, Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі Ә.К.Қабаның төрағалығымен өтті.
Отырысқа Орфографиялық жұмыс тобының құрамындағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық, Назарбаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеттерінің және Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалымдарынан тұратын жұмыс тобының мүшелері қатысты.
Әліпбиді жетілдіру жұмыстарының барысы туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары, Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі Ә.К.Қаба негізгі баяндама жасады. Ол өз баяндамасында Министрлік тарапынан жаңа әліпбиді қабылдауға байланысты жұмыстардың мақсаты, нәтижесі жөнінде толық ақпарат берді. Сонымен бірге алда тұрған міндеттер жөнінде де айтып өтті.
Әліпбидің жетілдірілген нұсқасының жобасы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының және Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғылыми кеңестерінде талқыланып, Орфографиялық жұмыс тобының қарауына ұсынылған. Отырыста осы жобалар жұмыс тобы мүшелері тарапынан кеңінен талқыланды. Ғалымдардың ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды.
Күн тәртібінде, сондай-ақ, қазақ тілінің емле ережелері бойынша А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты А.Фазылжанова баяндама жасады. Әліпби жобаларының ІТ бағдарламаларға сәйкестігі бойынша Ұлттық комиссия жанындағы Техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, ІТ маманы Р.Ізғали баяндама жасады.
Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының мүшелері осы ғылыми жиында талқылап, ғалымдар мақұлдаған латын әліпбиінің жобасы Ұлттық комиссияға жіберілетін болып шешілді. Сонымен бірге емле ережелеріде жұмыс тобы мүшелері тарапынан тағы да пысықталып, аталған комиссияға ұсынылатын болды.